Қала әкімінің орынбасары «Астана Тазалық» ЖШС-нің қысқы кезеңге дайындығын тексерді

Астанада коммуналдық қызметтердің қысқы маусымға дайындығы жалғасуда.
Қала әкімінің орынбасары Ерсін Өтебаев «Астана Тазалық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне барып, кәсіпорынның күрделі ауа райы жағдайында жұмыс істеуге дайындығымен танысты.

Аралау барысында техниканың жағдайы мен жөндеуден өткен өндірістік базаларды көрді.
Сондай-ақ кәсіпорын басшылығымен қарды дер кезінде тазалау және жолдардағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерін талқылады.

Қала әкімі орынбасарының айтуынша, «Астана Тазалық» – елордадағы тазалық пен тәртіпті сақтауға жауапты негізгі құрылымдардың бірі. Сондықтан оның техникалық және кадрлық дайындығы ерекше маңызға ие.

— Ең бастысы – техниканың толық жарамды болуы және қызметкерлердің үздіксіз жұмыс істеуіне қажетті жағдай жасалған.
Сіздердің еңбектеріңіз қала тұрғындарының жайлылығы мен қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді, — деді Ерсін Өтебаев.

    Бүгінде кәсіпорында цифрлық бақылау жүйелері енгізілуде.
Барлық техника заманауи GPS-терминалдармен, жанармай деңгейін өлшейтін ДУТ датчиктерімен (датчик уровня топлива) және жолдағы нақты жұмысты көрсететін сенсорлармен жабдықталған. Сонымен қатар жүргізушілердің тәртібі мен қауіпсіздігін бақылауға арналған жасанды интеллекті бар бейнебақылау жүйесі де іске қосылған.

Электронды жол парақтары арқылы техниканың қозғалысы, жанармай шығыны, жұмыс уақыты мен медициналық тексеру нәтижелері бір жүйеде біріктірілді.
Бұл – ашықтықты арттырып, отын үнемі мен тиімділікті қамтамасыз ететін маңызды қадам.

Қысқы маусымда қала тазалығын қамтамасыз етуге күн сайын жүздеген жол жұмысшысы мен арнайы техника жұмылдырылады.
Жалпы ұзындығы 370 шақырымнан асатын 200-ден астам көше тазаланады.