«Астана Тазалық» қыс нәтижесін жариялап, қызметкерлерге қолдау шараларын ұсынды

 

«Астана Тазалық» ЖШС қысқы маусымдағы ауқымды жұмыстарын қорытындылап, цифрлық трансформация бағытындағы нәтижелерін таныстырды. Сонымен қатар, кәсіпорын қызметкерлеріне көрсетілетін әлеуметтік қолдау шаралары жария етілді. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты хабарлады.

Кәсіпорын дерегіне сәйкес, қыс басталғалы бері 2,2 млн текше метрден астам қар шығарылды. Күн сайын қала көшелерін тазалауға 600-ден астам арнайы техника мен 750-ден аса жол жұмысшысы жұмылдырылды. Бас директор Замир Сағиновтың айтуынша, қалыптасқан жұмыс жүйесі күрделі ауа райы жағдайында да көшелерді үздіксіз күтіп ұстауға мүмкіндік берді.

Өткен жылмен салыстырғанда техникалар паркі айтарлықтай жаңартылып, маршруттар саны артты, жаяу жүргіншілер аймақтарындағы жұмыстар күшейтілді. Қазіргі уақытта кәсіпорын көктемгі-жазғы кезеңге көшіп, суару-жуу машиналары, вакуумдық техникалар мен арнайы жабдықтарды іске қосты. Жолдарды жуу, аялдамалар мен тротуарларды тазалау, қоқыс шығару жұмыстары бекітілген кесте бойынша жүргізілуде. Бұл жұмыстарға күн сайын 600-ге жуық қызметкер қатысады.

Бүгінде «Астана Тазалықтың» тәжірибесі еліміздің өңірлерінде ғана емес, шетелдік әріптестер арасында да қызығушылық тудырып отыр.

Кәсіпорын енгізген негізгі жаңашылдықтардың бірі – электрондық жол парағы жүйесі. Бұл жүйе арнайы техниканың қозғалысын, орындалған жұмыс көлемін және материал шығынын нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда жүйе жүздеген техникаға енгізіліп, өз тиімділігін дәлелдеді: жол парағын рәсімдеу уақыты 10 минуттан 1 минутқа дейін қысқарып, жанармай шығыны 10%-ға дейін азайған, өндірістік үдерістердің ашықтығы артқан.

Іс-шара барысында қызметкерлерді әлеуметтік қолдау шаралары да таныстырылды. Атап айтқанда, 7 қызметкерге екінші деңгейлі банктер арқылы ипотека рәсімдеу кезінде бастапқы жарнаның 50%-ын өтеуге арналған сертификаттар табысталды.

Бұған дейін де кәсіпорын әлеуметтік бағыттағы бірқатар жобаларды жүзеге асырған. Өткен жылы жол жұмысшыларына арналған тұрмыстық нысандар жаңартылып, заманауи демалыс бөлмелерімен жабдықталды. Бұл жоба Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен іске асып, Есіл және Нұра аудандарында жалпы ауданы шамамен 1000 шаршы метр болатын 10 нысан жаңғыртылды. Сонымен қатар, қызметкерлерге арналған 17 пәтер және 80 орындық жатақхана пайдалануға берілді.